Жаяужол тақтасын қалай таңдауға болады?

Жаяжол тақтасын таңдаудағы ұстанымдар:

  1. Дизайн. Тақтаның пішіні мен түсі үйдің қасбетімен және қоршаған ландшафтпен үйлесімді болуы тиіс.
  2. Міндеті. Тақтаның қалыңдығы мен пішіні болашақ жүктемені: жаяу жүргіншілер қозғалысын, жеңіл автокөлік тұрағын немесе жүк көлігі қозғалысын ескеріп таңдалады.
  3. Материалы мен технологиялары. Сондай-ақ қолдану және пайдалану шарттарына сәйкес таңдалады. Тақтаның неден және қандай тәсілмен жасалғанын білу маңызды.

Бірнеше жыл бұрын жаяужол тақталарын таңдаудағы әдеттегі критерийлер олардың түсі мен пішіні болатын. Түс палитрасы әдетте өте нашар болды: дәстүрлі сұр, қызыл, қоңыр, сары және ақ түстер. Жарқын және бейстандарт дүниелерді ұнататын адамдар үшін көк, жасыл, қызғылт сары реңктер ұсынылды. Әдетте түстермен жасалған барлық тәжірибелер осымен аяқталатын.

Пішіндеріне келетін болсақ, 20-шы ғасырдың аяғынан бері қалыптасқан дәстүрлер мұнда да көрініс алды: баршаға үйреншікті «ирек», «шығыршық», «толқын», «краков бедесі». Және, әрине, классикалық тікбұрышты «кірпіш» пішіні мен бірнеше стандарт өлшемді шаршылар болды.

Келісіңіз, таңдау аса көп емес. Ландшафт дизайнерлерінің көршінің ауласына, темір жол алаңына, сауда орталығының автотұрағына ұқсамайтын жайлы аула жасауда шығармашылық қиындықтарды бастарынан кешіргені анық.

Таңдаудың үш ұстанымының әрқайсысын толығырақ қарастырайық.

Дизайн

Әдетте, тақтаны негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, үйдің немесе бақшаның сыртқы түрі қалыптасып қойған кезеңде таңдай бастайды. Жолдарды, төсеніштерді және платформаларды төсеу соңынан орындалатындықтан, төсеу дизайны сіз жасаған дүниемен үйлесімді болуы керек.

Ландшафт дизайнерінің кеңесі: жаяужол тақталарын қасбетпен түстес етіп таңдамауға тырысыңыз – бұл кеңістікті ауыр етіп көрсетеді және көлемдік көріністен айырады. Егер қасбеттің түсі қоңырқай болса, онда тақталар үшін ашық түсті таңдаған дұрыс

Міндеті

Тақтаның түсі мен пішінін анықтағаннан кейін оның міндетін айқындау маңызды. Тақта биіктігін таңдау төсеніш бетіне түсетін жүктеме мен оны пайдалану шарттарына байланысты болады.

Жаяу жүргіншілер жолдары үшін қалыңдығы 40 мм тақталар жеткілікті болуы мүмкін. Дегенмен, ГОСТ 17608-де бұл жағдайда да қалыңдығы кем дегенде 50 мм болуы керек екендігі көрсетілген.

Егер сіз жеңіл автокөлікке арналған тұраққа орын жоспарласаңыз, онда тақта қалыңдығы кем дегенде 60 мм болуы тиіс, ал ұсынылатын қалыңдық 80 мм.

Тақтаның үстімен ауыр көліктер, мысалы, жүк көліктері немесе арнаулы техника жүретін жағдайда тақта биіктігі 80 мм-ден кем болмауы тиіс, бірақ дұрысы 100 мм.

МАҢЫЗДЫ: кеспекше биіктігін таңдау жүктемеге байланысты, бірақ бұл жалғыз шарт емес. Жүктеменің әрбір түрі үшін дұрыс негіздік дайындау қажет. Ол неғұрлым үлкен болса, қиыршық тас пен құмнан жасалған төсем соғұрлым қалың және сенімдірек болуы тиіс.

Материалы мен технологиялары

Сонымен, сіз дизайн бойынша шешім қабылдадыңыз, болашақ жүктемелер мен кеспекше пайдаланылатын жағдайларды есептедіңіз. Қалғаны – соңғы маңызды кезең – таңдау, ол қазір өндірушілер ұсынатын көптеген нұсқаларды алғаш рет кездестірген адам үшін оңай болмауы мүмкін.

Тақталар мен кеспекшелер қазір кәдімгі бетоннан да, тастан да, полимерлерден, резеңкеден, ағаштан және әртүрлі композиттерден де жасалады. Соңғы нұсқалар өте қызықты болғанымен, олар нарықта жақында пайда болды және мұндай төсеніштердің беріктігі мен сенімділігі туралы анық статистика әлі жоқ.

Сондықтан беріктігі мен сенімділігі күмән тудырмайтын дәстүрлі материалдарға – тас пен бетонға тоқталған жөн. Тас, әсіресе гранит төсем үшін тамаша, ол әдемі әрі берік. Бірақ көптеген адамдар үшін кемшілік болып табылатын маңызды ерекшеліктері де бар: табиғи тас өте қымбат, ал қолжетімді түстері аз болады.

Осылайша, ең жақсы таңдау әлі де бетон болып қалып отыр. Беріктік сипаттамалары бойынша табиғи тастан сәл төмен бетонның маңызды артықшылығы бар – ол әртүрлі пішінмен және әртүрлі түспен өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазір барлық ірі өндірушілер тамаша ассортимент пен үздік сапаны ұсынады, сондықтан сіз өз кеңістігіңізге дәл сәйкес келетін нұсқаны таба аласыз.

Бірақ бұл жерде де көпшілікті жаңалық күтіп тұр: бетон бұйымдарын өндірудің түбегейлі әртүрлі әдістері бар, мысалы, дірілмен баспалау және дірілмен құю. Өндірістік технологияларды ескере отырып және жоғары сапалы шикізатты пайдаланған жағдайда, кез келген технологиямен өндірілген өнім жоғары сапалы болады.

Қазір дірілмен құйылған тақта өндірісінің басым көпшілігін тозығы жеткен арзан жабдықтарды, сапасыз шикізатты және біліктілігі жоқ маусымдық жұмыс күшін пайдаланатын, өндіріс мәдениеті төмен шағын кәсіпорындар құрайды. Әдетте, мұндай өнімдерге кепілдік жоқ. Сондай-ақ олардың бірнеше жыл төзетініне сенім де жоқ. Көбіне мұндай өнімдер тапсырыс берушіге барар жолда-ақ қирап жатады. Егер сіз осы технологияны таңдаған болсаңыз, онда тек жақсы беделі бар ірі өндірушіге хабарласыңыз. Әрине, ең жақсы жаяужол тақталары – бұл сіздің мақсатыңызға сәйкес келетін және барлық технологиялық талаптарды сақтап жасалған тақталар.

Дірілмен баспалау – барлық дамыған елдердегі басым өндіріс әдісі. Ол дайын өнімнің жоғары беріктігі мен геометриялық көрсеткіштерін және тамаша сыртқы түрін қамтамасыз етеді. Бұл өндіріс әдісіне арналған жабдық үлкен және қымбат, сондықтан көп жағдайда оны ГОСТ-қа сәйкес келетін және өз беделін бағалайтын толыққанды ірі зауыттар жасайды.